Көлік-логистика инфрақұрылымының дамуы арқасында еліміз халықаралық сауда дәлізінің басты ойыншысына айналып келеді. Оны ары қарай жетілдіру мақсатында Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы шекарасында кеден бекеттерінің физикалық инфрақұрылымын мемлекеттік-жеке серіктестік қағидатында жаңарту ісі жіті қолға алынған. Осыған орай, Қазақстан-Қытай шекарасында құны 10 млрд теңге тұратын «Қалжат» заманауи кеден-логистикалық орталығы іске қосылды.
Аталған орталық тауар айналымы көлемінің ұлғаюына және еліміздің көліктік-транзиттік әлеуетінің артуына зор септігін тигізеді. Бүгінгі күннің сұранысына сай жабдықталған су жаңа кешенде кедендік рәсімдеу аумағы да қосымша жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша осыған дейін «Қалжат» бекеті арқылы күніне 80 көлік өтсе, енді бұл көрсеткіш шамамен екі есеге дейін артатын болады. Өйткені бұдан былай орталық жұмысы бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар «Астана-1» ақпараттық жүйесінің «транзит» модулі де іске қосылған. Осы жүйенің көмегімен ақпаратты берген сәттен бастап, тауарларды рәсімдеп біткенге дейінгі барлық процесстерге автоматтандырылған бақылау орнатылады. Бұл өз кезегінде отандық кәсіпкерлер мен сыртқы экономикалық әріптестер үшін қолайлы жағдай тудырмақ.
Сәулеті жарасқан заманауи орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Госман Амрин бастаған жауапты тұлғалармен қатар еліміз бен көрші елдердің бизнес өкілдері қатысып орталықтың ел дамуына тигізер пайдасы жайлы кеңінен айтты.
– Логистика ұғымы – жүк тасымалдауды ұйымдастырушы ғана емес тауарды жөнелтуші мен қабылдап алушыны байланыстыратын алтын көпір. Елбасының Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында, Ұлт жоспары – «100 нақты қадамында» логистика саласының қарқынды дамуына апаратын негізгі бағыттар мен басымдықтар тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Алдағы уақытта бұл орталық ел игілігіне жұмыс істеп, қос тараптың арасындағы барыс-келіс пен алыс-берісті арттыра отырып көптеген оң өзгерістерге жол ашатын болады. Еліміздің экономикалық қуатының артуы, көптеген азаматтарға жаңа жұмыс орнын беру арқылы халықтың әл-ауқатының көтерілуі, транзиттік потенциалдың тиімділігін өсіру және сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қолайлы жағдай жасау орталықтың негізгі міндеті. Егемендік алған еңселі жылдар ішінде Елбасымыздың бастамасымен еліміздегі кеден саласының жаңаша тұрпатта дамуына көп көңіл бөлінуде. Бүгінгі ашылып отырған кеден-логистикалық орталық осының дәлелі – дейді «Қалжат» өткізу бекетінің басшысы Әлім Жусанбай.
Жауапты мамандар көлік-логистика орталықтарының бүтіндей бір кешені құрылысының аяқталуы шекарадағы логистикалық инфрақұрылымның тиімділігін толық шеше алатынын айтады. Еске салсақ, жаңа орталықтың құрылысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынған.
Тауар және көлік ағынын өңдеуге, сондай-ақ жүктерді кедендік өңдеуден өткізуге қатысты қызметтерді қамтамасыз етіп отырған «Қалжат», «Бахты», «Достық», «Хоргос», «Алтынкөл» және «Майқапшағай» пунктері Қазақстанды ғаламдық көлік-логистика жүйесімен біріктіруге мүмкіндік береді. Осылайша, болашақта отандық шекара маңындағы көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту ісі Еуразияның ең ірі логистика жүйесін құруға алып келмек.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАЛЖАТ-АЛМАТЫ